ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Заң Мемлекет басшысының жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
Заңда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтарға, материалдық сыйақыға және қызмет көрсетуге толық тыйым салынған.
Енді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды сатып алу және іске асыру бойынша негізгі шешімдер қабылдайтын тұлғаларға да таратылмақ.
Заңда туыстардың бір ұйымдағы бірлескен жұмысының жекелеген мәселелерін реттеуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабардар етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс-қызметтер құруға және басқаларға бағытталған нормалар да көзделген.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады деп күтілуде.
Бұған дейін, Мемлекет басшысы, коронавирус індеті ушығып тұрған шақта Ақордада жемқорлыққа қарсы жиын өткізе келе, «Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек?», деп ашынған болатын.