Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Біздің заңнама бойынша Үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мен сайлау аяқталған соң Парламентке барып, жаңа құраммен, фракциялар басшыларымен Премьер-министрге үміткерлерді, Үкімет мүшелерін ақылдасатын боламын, – деген Мемлекет басшысы реформалар әзірленуде екенін жеткізді. – Реформалар дайындалуда және олар тоқтамауы керек. 15 қаңтар Парламентте сөйлеймін. Содан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтіп, реформалар тұрғысында өте салмақты әңгіме жүреді».
Ол наразылық білдірушілерге қатысты еш қысым жасалмайтынына, сайлаудың әділ өтетініне сендірді. Полиция заң аясында әрекет етпек. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламентте әртүрлі партиялар көруге үмітті екенін жасырмады.
Еске сала кетсек, бүгін, яғни 10 қаңтар сайлау телімдері сағат 7-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Партиялар бюллетеньде келесі ретте орналасқан: «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы коммунистер), «Nur Otan», «Ауыл», «Ақжол» және «Адал» (бұған дейінгі атауы «Бірлік»). Республикалық маңызы бар Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары Мәжіліс және қалалық мәслихат үміткерлеріне 2 бюллетеньнен алса, қалған ел тұрғындары Мәжіліс, облыстық және қалалық/аудандық мәслихат депутаттарын сайлау үшін 3 сайлау парағынан ие болады.
Еліміздің барлық өңірінде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылды. Шетелдегі отандастар үшін 53 мемлекетте 66 таңдау жасау орны жұмыс істемек.
Өз сайлау теліміңізді тапқыңыз келсе, келесі сілтеме арқылы өтіңіз. Онда бар болғаны ЖСН терсеңіз жеткілікті.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сағат 12.00-ге дейін сайлаушылардың 28,8 пайызы дауыс беріп үлгерді.