«Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында өрт шықты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
2020 жылғы 14 желтоқсанда сағат 04.30-да Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментіне Бейнеу ауданының аумағында № 109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагонының жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түскен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, оқиға орнына құзырлы қызметкерлермен бірге Апаттар медицинасы орталығы, «ҚазмұнайТеңіз» МӨҚҚ, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ 30 адамнан тұратын күштер мен құралдар, 7 техника және 1 өрт пойызы жіберілген.
Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу мақсатында багаж вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылған.
Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Барлық зардап шеккендер жүк вагонында болған. Зардап шеккендер Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуна жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.
Сағат 07.19-да өрт сөндірілді, жүк вагоны толығымен жанып кетті.
«Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының өкілдері өртенген вагонды қоршауға алып, өрттің себептері мен мән-жайы анықталуда. Сағат 09.18-те жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді», – дейді Талғат Уәли.