Сенатор парламенттің жоғары палатасының бүгінгі отырысында үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Ол сауалында пандемия кезіндегі білім беру мәселесін қозғады, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
«Өздеріңізге мәлім, кейінгі жылдары білім саласын дамытуға, атап айтқанда компьютерлер, интерактивті тақталар алуға, мектептерді интернетке қосуға, электронды оқу жүйесін енгізуге көптеген қаражат бөлінді. Талай министрдің дәл осы залға келіп, орасан зор жұмыс атқарылғаны жайлы ұзын-сонар баяндама жасағанына қарамастан пандемия жағдайында бұл салада қордаланған мәселенің әлі көп екені анықталды. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолауында мейлінше ашық, айқын айтып берді. Әсіресе, бірыңғай білім беру платформасын ұйымдастыру мәселесі жөнінде айтты. Білім саласындағы жүйелі проблемалар тек пандемия жағдайында ғана қалыптасқан жоқ. Ол жылдар бойы қордаланды әрі ол бүгінде миллиондаған ата-ананың, ұстаздар қауымының, қалың жұртшылықтың үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр.
Осыған орай, біз үкімет басшысынан мына сұрақтарға жауап беруді өтінеміз. Біріншіден, мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн платформасын құру туралы тапсырмасы қандай мерзімде іске асады? Әрбір мүдделі мемлекеттік органның, атап айтсақ, білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, цифрлық даму министрлігінің жұмыстары үйлестіріліп, олардың өзара іс-қимылы нақты айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бірыңғай білім беру онлайн платформасын құру үшін бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Екіншіден, қашықтан оқыту шеңберінде азаматтардың тегін орта білім алуына конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе? Қашықтан оқыту барысында келтірілген қосымша шығындарды өтеу сіздердің жұмыс жоспарларыңызда бар ма? Үшіншіден, ұзақ мерзімді қашықтан оқыту салдарынан білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты алдағы уақытта қандай шаралар атқару көзделген? Төртіншіден, әртүрлі әлеуметтік топтағы білім алушылардың арасындағы білім беру деңгейінің алшақтығын азайту бойынша үкіметтің жұмыс жоспарлары қандай?
Бұл аталған проблемалардың барлығы республиканың әрбір отбасын алаңдатып отыр десек артық айтқандық емес. Өйткені әр жанұяда кемінде бір-екі бала мектепке барады, оқушының жұмысын үйінде ата-анасымен бірге әже-аталары да қадағалап отырады, мектептің өзінде миллиондаған бала білім алады. Сондықтан біз бұл мәселені жалпыхалықтық, ұлттық проблема деп есептейміз», – деді Мұхтар-Құл-Мұхаммед.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде онлайн форматта сапалы білім беру қажеттігін бірнеше рет айтып, тиісті тапсырма да берген болатын. Ол биылғы жолдауында да осы мәселені көтерді.
«Коронавирус салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар әрі ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу керек. Балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Оқушыларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек. Мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала және ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен, сапалы интернетпен қамтылуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі», – деген еді Тоқаев.
Ал бұл жайында білім және ғылым министрлігі не дейді?
Ведомство мәліметінше, 2020-2021 оқу жылында елімізде 3,3 миллион оқушы білім алып жатыр. Санитарлық дәрігерлердің талаптарына сәйкес, эпидемиологиялық жағдайдағы карантиндік шектеулерге байланысты жаңа оқу жылы әртүрлі форматта басталды.
«Шамамен 2,6 млн бала оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастады. Олар отандық білім беру платформаларын пайдалана отырып, қашықтан оқып жатыр. «Балапан» әрі «Ел Арна» республикалық телеарналары педагогтердің тілектері бойынша қосымша құрал ретінде пайдаланылатын телесабақтарды таратады. Жергілікті атқарушы органдар оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оларға мектеп компьютерлері мен роутерлерді уақытша пайдалануға берді. Елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, олардың 3 мыңға жуығында 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқып жатыр. Негізінен, бұл шалғайдағы шағын жинақталған мектептер, олардың әрқайсысында 180-нен астам бала бар. Бұған қоса балалардың жас ерекшеліктері және ата-аналардың тілектері ескеріліп, мектептерде санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істей бастады. Бұндай бір сыныпта балалар саны 15-тен аспау керек», – делінген министрлік ақпаратында.
Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы онлайн білім жайлы айтып берді.
«Бізде орташа алғанда күніне 2 миллиондай сабақ жүргізіледі. Сабақтарымызды күн сайын 70-80 миллион рет осы онлайн платформалардан көріп отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бір жұмада 12 миллион жеке қолданушы интернет платформаларды пайдаланған. Оқушыларымыз әзірленген тапсырмалармен дайындалып, тиісті білім алып жатыр. Қазір «сабақ болмай жатыр» деп айту дұрыс емес. Өйткені біздің 500 мың әріптесіміздің күн-түн демей істеп жатқан жұмысын сызып тастауға болмайды. Проблемалар әрине бар. Біз оны білеміз. Олар бойынша күнделікті әріптестерімізбен, ұстаздармен, департамент басшыларымен бірге жұмыс жасап жатырмыз, әрі қарай да жалғастырамыз. Платформаларымызға бірнеше күн бойы DDoS шабуылдар жасалды (сабақ кезінде порно мен білімге қатысы жоқ материалдар қосылып кеткені белгілі – автор). Барлығы тиісті деңгейге жетеді деп айтқым келеді», – деді министр.
Ал премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов бұл жиында балалардың неліктен қашықтан оқып жатқанын түсіндірді.
«Сөз жоқ, оқушылардың білімі өте маңызды. Дегенмен олардың денсаулығы басты назарда, басты мақсат. Пандемия басталғаннан бері 2400 астам бала коронавируспен ауырды. Бүгін де емделіп жатқандары бар. Олар жеңіл түрде ауырғанымен, індетті ересектерге жылдам жұқтыру қаупі бар», – деген еді Тоғжанов.
Осыған байланысты денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бірінші тоқсанды толығымен онлайн форматта өткізуді ұсынды.
«Қазақстан барлық мемлекет сияқты коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Күзде тұмау әрі СOVID-19 қатар келуі мүмкін. Сондықтан біз бірінші тоқсанда осы форматты сақтауды ұсынамыз. Одан кейін ұжымдардағы ауру деңгейін зерттеген соң біз бұл мәселені ведомствоаралық комиссияға енгізіп, қосымша қарастырамыз», – деді Цой.
Айгүл ЕЛТАЙ