Сенат депутаттары Жоғарғы сот төрағасы және судьяларымен сот жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды DalaInform.
Депутаттар Жоғарғы сот коммуникациялар орталығының қызметімен танысты. Бұған қоса Жоғарғы сот сөрағасы Жақып Асанов сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның ішінде судьяларды іріктеу рәсімдері, оларды бағалау, жауапкершілігін арттыру жүйесін жетілдіру де бар.
Азаматтық сот ісін жүргізуді одан әрі жетілдіру, тергеу соттарының жұмысын оңтайландыру, әкімшілік әділет жүйесін енгізу мен басқа да маңызды тақырыптар талқыланды. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы маңызды оқиға екенін айтты.
«Президент өз жолдауында қылмыстық процеске тартылған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, соттардың әділ, заңды шешімдер шығаруы, жаңа кәсіби кадрларды тарту, судьяларды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар мемлекет басшысы «құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы» екенін айтты. Осыған орай депутаттарды да Тоқаев жария еткен барлық бастамаларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр» – деді Волков.
Сенаторларға жанұя ішіндегі дауларды қарайтын, жалпы юрисдикция соттары қатысатын «отбасылық сот» пилоттық жобасы таныстырылды. Жоба аясында судьяларға психологтар, медиаторлар мен басқа да мамандар көмек көрсетеді. Жоба бастамашылары мұндай тәжірибе дауларды тиімді шешуге, жанұяларды сақтауға, кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретініне сенімді.
Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде COVID-19 пандемиясы және карантин кезіндегі сот органдарының жұмысы туралы да сөз болды.