2021 жылғы 14 қаңтарда VII шақырылған мәжіліс депутаттарын тіркеу мәселесі бойынша ортсайлауком отырысы өтті, деп хабарлайды DalaInform ОСК-ға сілтеме жасап.
Жиынға парламент мәжілісінің сайланған депутаттары, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалалары аумақтық сайлау комиссиялары, сондай-ақ онлайн режимде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Отырысты ашқан орталық сайлау комиссия төрағасы Берік Имашев «ҚР парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға сәйкес, депутат өкілеттігі оны ОСК депутат ретінде тіркеген сәттен басталатынын атап өтті.
Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова «VII шақырылған мәжіліс депутаттарын тіркеу туралы» баяндама жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, орталық сайлау комиссиясы сайланған парламент депутаттарын тіркеуді жүргізетінін хабарлады. ОСК әрбір депутатқа белгіленген үлгідегі куәлік әрі омырауға тағатын белгі береді.
Осыған байланысты «VII шақырылған мәжіліс депутаттарын тіркеу туралы» қаулы қабылданды. Қаулығы сәйкес, VII шақырылған парламент мәжілісінің 107 депутаты тіркелді. Оның ішінде: «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша – 76 депутат; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 12 депутат; Қазақстан халық партиясы – 10 депутат; Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған – 9 депутат. Ортсайлауком төрағасы Берік Имашев тіркелген депутаттарға куәліктер мен омырауға тағатын белгілер табыс етіп, оларға республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органында табысты және жемісті жұмыс тіледі.
Жаңадан сайланған депутаттардың толық тізімін мына жерден оқи аласыздар.