ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко жаңа шақырылатын құрамда қызметін сақтай алмайтынын мәлімдеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Расында атышулы саясаткер Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынып жатқан тізімде де, өзі мүше «Nur Otan» партиясы үміткерлерінің ішінде де көрінбейді.
«Болды, рахмет, енді уайымдамасаңыздар болады. Кейбіреулер мені зейнетке шығаруға асығушы еді. Мен кеттім», – дейді Владимир Божко алдағы уақытта немен айналысатыны белгісіз екенін, 7 немересінің барын жеткізіп.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтер атқарған, Төтенше жағдай министрлігін басқарған, «Барыс», «Айбын» ордендерінің және көптеген Қазақстан, КСРО медальдерінің иегері саналатын ол бұған дейін атышулы пікірлерімен қоғам тарапынан сынға қалған болатын.
Мәселен, Владимир Божко, соңғы рет елімізде әлеуметтік көмек түрлерінің бірнеше есе өскенін келтіре отырып, бұқараның сол үшін мемлекет алдында тізерлеп тұрып алғыс айтуы қажеттігін нұсқады.
«Адам жұмыс істемейді, кейін «бұған бәрін бер» деп шыға келеді. Ондай адамды «стойлоға» (малқорадағы орын) қоятын қоғам пікірі болу керек», – деген оның сөзінен соң бір топ наразы әйел Ақорданың алдына барып, оның тізерлеп тұрып кешірім сұрауын талап етті.
Депутат оған ешкімді ренжіткісі келмегенін, масылдыққа қарсы екенімен ақталды.