Қазақстанда өткен тәулікте 652 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды деп хабарлайды Dalainform тілшісі. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны – 146584.
Қуантарлығы сол, 19 желтоқсанда жазылғандар саны індетке шалдыққандардан көп санды құрап, 824 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Барлығы айыққандар саны – 130776.
Кеше коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 25 жағдайы және 4 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 61 адамның емделіп шыққаны мәлімделуде. 1 тамыздан барлығы: ауырғандар – 44385, 474 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 32183-ке жетті.
Елімізде, Үкімет басшысы сайтының жазуынша, мамандар үш мың еріктіге QazCovid-in отандық вакцинасын егуге кіріседі.
Бүгінде алғашқы еріктілерге Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ғылыми зерттеу институтында отандық екпе салынған. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталмақ.
«Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады», — дейді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.