Таразда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау бойынша «Мейірім» жобасының тұсаукесері өтті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Мейірім» жобасының тұжырымдамасына сәйкес, 134 жетім бала облыстың 87 мемлекеттік мекемесі мен ірі кәсіпорындарының басшыларына бекітілген. Мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдардың басшылары бұл балаларды одан әрі әлеуметтік қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасайтын болады.
Атап айтқанда, олар балалардың тұрғын үй жинақ шоттарын кезең-кезеңімен толықтыруды ұйымдастырады және жан-жақты қолдау көрсетеді. Демеушілер балаларды тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді.
«Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік бейімдеу, білім беру және жұмыспен қамту, отбасын құру, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, арнайы мекемелердің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары өзекті болып қалып отыр», – дейді өңірлік жоба бастамашысы Бердібек Сапарбаев.
Жобаның бастамашысы ретінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, 6-сынып оқушысы Альбина Қадыроваға өмірлік қолдау жөніндегі әлеуметтік келісімшартқа бірінші болып қол қойды.
Басқа балалар бойынша осындай келісімдерге ірі кәсіпорындар мен аймақтағы мемлекеттік мекеме басшылары да отырды. Олардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, «Алтайс Групп» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС директоры Арман Еділбаев, «Гаугартас» мейрамханасының директоры Меруерт Лештаева және тағы басқалары бар.
Осы келісімдер аясында бес балаға миллион теңгелік сертификаттар табысталды. Бұл ақша олардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ындағы жинақ шоттарына түседі. 18 жасқа толғаннан кейін орталық тәрбиеленушілері оларды жеке тұрғын үй сатып алу үшін пайдалана алады. Оған дейін олардың қамқоршылары мүмкіндігінше осы шотты толтырып отырады.
Еске сала кетсек, таяуда, облыс орталығы Тараз қаласындағы үйлердің бірінде өрт болып, ата-ана қарауынсыз қалған екі бүлдіршін көз жұмды.