Экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевтің пікірінше, ол билік өкілдерін сынап, қоғамда шу тудырған ойлар айтқандықтан Nur Otan-нан шығып қалды, деп хабарлайды DalaInform.
«Бүгін партия шындыққа, нұротандықтардың өздерінің сынағанына әлі дайын емес екенін көрсетті деп ойлаймын. Өкінішке қарай, парламент қабырғасында бір нәрсе болсын айтып, халық сынын жеткізуге тырысқан жалғыз депутатты шығарып тастау туралы шешім қабылданды», – деді Әлтаев елорда журналистерімен кездесуде.
Ол өткен аптада өзінің Nur Otan-нан шығу туралы өтініш бергенін, бірақ ол қабылданбағанын жеткізді. Ал бүгін партияның оны өз құрамынан шығарып тастағананы жайлы белгілі болды. Енді бұрынғы мәжілісмен El Tiregi партиясын құру жөніндегі бастамашыл топқа қосылып, Nur Otan-ға оппозиция болуға ниетті. Дегенмен бұл саяси ұйым алдағы сайлауға қатыспайды.
«Егер сен билік партиясы болмасаң, онда кез келген жағдайда сен оппозициясың», – дейді экс-депутат.