Ақтөбе облыстың мәслихатының депутаты Аркадий Ни полиция ұстаған соң «Nur Otan» қатарынан шығарылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Кеше облыстық полиция департаменті жеке тұлғаға қарсы қылмыстық заңбұзушылық бойынша Ақтөбе тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын, күдікті ҚР ҚПК 128-бабы бойынша қаланың уақытша ұстау абақтысына қамалғанын мәлімдегенімен, аты-жөні жарияланбаған болатын.
Енді бүгін өңірдегі партияның саяси кеңес бюросы ұқсас айыптауға сүйене отырып, өз қаулысымен белгілі депутатты партия билетінен айырып отыр.
Бұған дейін «Nur Otan» мүшесінің азғындықпен кәмелет жасқа толмаған 15 жастағы бойжеткеннің пәктігін миллион теңгеге сатып алып, одан кейін онымен жалдамалы пәтерлерде кездескені, әр жыныстық қатынасқа 50 мың теңге төлеп тұрғаны жайлы ақпарат тарады.
Айтпақшы, аталған депутат, сондай-ақ «Компания РОКОС» ЖШС құрған кәсіпкер. Мемлекеттік «100 жаңа есім» жобасына қатысушы. 1961 жылдың 25 наурызында Бішкекте туған.