ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық агенттіктердің қызметі бойынша түйткілді мәселелерді талдау қорытындысында, заңнамаға борышкерлердің құқығын қорғайтын түзетулер дайындағанын мәлімдеп отыр.
Олар 2020 жылғы төртінші тоқсанда қабылданбақ деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Қаржы реттеушісі мынадай шараларды ұсынады:
Коллекторлық агенттікке тіркелмеген телефон нөмірлерінен борышкермен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салуды енгізу;
Борышкермен өзара іс-қимыл жасаудың барлық жағдайларының міндетті аудио және бейне тіркелуін енгізу;
Коллектордың үшінші тұлғалармен борышкердің орналасқан жерін немесе байланысын анықтау мақсатында ғана өзара іс-қимыл жасауын шектеу;
Жазбаша почта хабарламаларын және (немесе) электрондық почтаға хабарламаларды жіберу арқылы борышкердің жұмыс берушісімен, борышкер жұмыс істейтін ұйымның қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасауды шектеу.
Жоғарыда көрсетілген шараларды қабылдау азаматтарды коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің тарапынан ықтимал заңсыз әрекеттерден қорғауға, коллекторлардың жосықсыз әрекеттерін болдырмауға және олардың қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік бермек.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 193 коллекторлық агенттік жұмыс істеуде. 2019 жылы жоғарыда аталған ұйымдардың әрекетіне шағыммен 353 өтініш қаралса, 2020 жылғы сегіз айда Қаржы нарығын дамыту агенттігі осындай сипаттағы 158 шағымды зерделеген.
Еске сала кетсек, төтенше жағдай тәртібі кезінде, Қазақстандағы коллекторлардың ұлттық палатасы қарыз өндіруші әріптестеріне жұмысын тоқтата тұру жайлы үндеу жасады.