Елбасы отандық арнаға берген сұхбатында сенім мен оны сатып кеткендер жайлы ой бөлісті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Адамға қатты сеніп, өзіңе 100% қатты жақындатқанда арқаңнан тас лақтырғаны жаман. Жайдан жай, себепсіз. Сен оған жақсылық жасайсың, ал ол қара ниетпен, қызғанышпен жауап беретіндей ме… Кешіріп, есіме алмауға тырысамын. Себебі сатқынның тыныш өмір сүре алмайтынын анық білемін», – деп толғанған экс-президент сатқындардың өмірі қорлықпен аяқталатынын, басқа жаза басқандарды кешіруге дайын екенін жеткізді.
Елден қашып кеткендерге қайтып оралып, халық алдында кешірім сұраса әрі ұрлаған ақшасын орнына қойса, Қазақстанда ғұмыр кешуге мүмкіндік берілмек. Алайда ешкім ондай құлық танытпаған.
Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев, шетелде қашып жүрген Мұхтар Әблязовты мысалға келтірді. Елбасы аталған адамды бірнеше рет кешірсе де, қазір ұрланған 7,5 млрд доллармен батыста өмір сүріп жатқанын келтірді.
«Қазақтың баласына шетелде өмір сүру оңай емес. «Басқа елдің сұлтаны болғанша өз елінің ұлтаны бол» деген қазақ. Жарайды 10 рет мейрамхана бар, гамбургерді тойғанынша же, бірақ туған ел мен жердің орны бөлек қой! Әрине, қызығатын жағдай емес. Қашып жүрмесе, жақсы жұмыс істеуге болатын еді», – дейді Қазақстанның бірінші президенті.