Бүгін, 28 қыркүйек күні, қазақ халқы мен оның әдебиетінің аса көрнекті үш тұлғасының дүниеге келген күні деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Мұхтар Әуезовтың туғанына 123, Шерхан Мұртазаның дүние есігін ашқанына 88 және Оралхан Бөкейдің өмірге келгеніне 77 жыл толып отыр.
Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Мұхтар бала кезінен атасы Әуездің үйретуімен арабша хат таниды. Абай аулымен іргелес отырған, 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы сыныбында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Ашық дереккөздерге жүгінсек, алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Дүниежүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған, екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды. 1961 жылы Мәскеуде дүниеден озды.
Кейбір деректерде 1932 жылдың 2 қыркүйегінде туды делінетін Шерхан Мұртаза Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тумасы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы.
Талай рет ел басшылығына өткір мәселелерді төтесінен қойған жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. 2018 жылдың 8 қазанында 86 жасында Алматыда бақиға аттанды.
Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
Оралхан Бөкей 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер еткен. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеген. Өмірінің соңына дейін журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрді. 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болды.