Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі өз парақшасында жазды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Енді дене шынықтыру мұғалімінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленбек. Осы ретте салауатты өмір салтын насихаттаушы оның қызмет ауқымы кеңейіп отыр, яғни әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізетін болады.
«Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектепте қажетті жабдықтардың болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – білім алушыларды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту бойынша берілген Президент нұсқауының аясында қолға алынып, құзырлы орын тарапынан бұдан басқа да кешенді шаралар қабылданбақ.