Түркістан облысында 3 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауыл бар деп хабарлайды Dalainform тілшісі полиция сайтының материалына сүйеніп.
Төле би ауданына қарасты Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне сондай-ақ Сарқырама мен Мәдениет ауылдары кіреді. 400 отбасыда 2,5 мыңнан астам адам тұрады. Өмір сүруге барлық жағдай жасалған және ең бастысы қауіпсіздік мәселесі қамтамасыз етілген.
Осы орайда ауылдықтар зейнетке шыққан учаскелік полиция инспекторы Жанасыл Нұрашевті мақтайды. Ақсақалдардың айтуынша, тәртіп сақшысы мектеп, әкімдік ұжымдарымен және ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, жемісті жұмыс атқарған. Тіпті ауыл тұрғындарының бірі оның есімін немересіне қойған.
Жастар да аға буынға сый-құрметпен қарауда. Өскелең ұрпақ зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, спорттық-мәдени шаралар тұрақты өткізілуде, өзара отансүйгіштік насихатталуда.