Ағымдағы жылдың қараша айында мүгедектігі бар адамдарға арналған Мамандықтар атласын әзірлеу аяқталады. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына және жеке HR-агенттіктерге, шектеу түріне байланысты қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеуге, Электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы құзырлы министрлік мәлімдеді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Жалпы, мемлекет тарапынан осы санаттағы азаматтарды белсенді жұмысқа тарту мәселелеріне ерекше назар аударылмақ. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар тұлғаларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар 120 адам IT мамандықтары бойынша білім алуда. Бизнесте жүрген немесе стартап-жобаларға ие мүгедектігі бар адамдарға акселерация, ауқымды кеңейту, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға көмектесу мақсатында жәрдем жасалмақ.
Тиісті жандардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейін мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде тындырылып, қолданыстағы заңнамаға, яғни 24 заңнамалық акті мен 3 кодекске түзетулер әзірленген.
Ел аймақтарында жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар тұлғалар күніне орай бірқатар іс-шара өткізілмек.
«Барлық іс-шаралар міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтай отырып іске асырылады. Мысалы, медициналық-әлеуметтік мекемелерде және дәрігерлік амбулаторияларда мүгедектігі бар тұлғаларға онлайн режимде «Ашық есік күндері» өтуде. Қажет болса, денсаулықты тексеру үйде қолға алынады», – дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын отбасылардың тұрмыстық жағдайына зер салып, оларға әлеуметтік мәселелерді шешуде қажетті көмек көрсетуі тиіс.
Сонымен қатар, қайырымдылық акциялары аясында мүгедектігі бар ауыр науқас азаматтарға бару жоспарланған, оларға азық-түлік себеттері беріледі. Бұдан тыс, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасыларға жәрдем жасалмақ.
Еске сала кетсек, бұған дейін, биыл 1 қазан – Қарттар күніне орай 216 мыңнан астам адам 2,3 млрд теңге қаржылай көмек алатыны айтылды.