«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүлкін талан-таражға салған 65 жастағы ер адам құрықталды, деп хабарлайды DalaInform polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жүргізілген сотқа дейінгі тергеу барысында адамдар тобының алдын-ала сөз байласу арқылы алдау және сенімге қиянат жасау жолымен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жылжымайтын мүлкін, атап айтқанда Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан жер учаскесін иемденіп, оны банкке кепілге қойғаны үшін бұрын қылмыстық кодекстің 176-бабымен сотталған 1955 жылы туған азамат ұсталды. Бұл учаске әрі қарай кепілдік шарты бойынша банк меншігіне өтіп кеткен.
«Осылайша, көздері нашар көретін қоғамдық бірлестік мүшелеріне 370 миллион теңге көлемінде, аса ірі мөлшерде материалдық зиян келді. Олар қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер деп танылды. Себебі олардың құқықтары бұзылды. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласында ұсталып, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қамауға алу шарасы таңдалды. Күдіктілер шеңбері мен басқа да эпизодтарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустем Әбдірахманов.