Елорданың санитар дәрігері сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінің мейрам күндеріндегі жұмыс кестесі туралы айтты, деп хабарлайды DalaInform әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі қалалық жедел штабта 16-18 желтоқсан аралығында мереке күндері сауда орталықтары, сауда үйлері, базарлардың жұмысы туралы мәселе қаралды. Қалалық санитар дәрігер Жанна Пірәлиеваның қолданыстағы қаулысына сәйкес, жоғарыда аталған нысандар мейрам күндері әдеттегідей, яғни сағат 23: 00-ге дейін жұмыс істейді.
19 желтоқсан, сенбі күні жұмыс уақыты – 20: 00-ге дейін. 20 желтоқсан, жексенбі – ірі сауда орталықтарындағы бутиктер жұмысы тоқтатылады. Онда дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан дәріханалар, гипермаркеттер, азық-түлік дүкендері клиенттерге жексенбіде қызмет көрсете алады.
Сонымен бірге осы нысандар мен олардың аумағында орналасқан аттракциондар, балалар ойын алаңдары, ойын орталықтары, кинотеатрлар, тамақтану алаңдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады.
«Нұр-Сұлтан қызыл аймақта, бірақ оның шарықтау шегінде емес. Соңғы күндері динамика тұрақталып, жақсарып келеді. Астана сары және қызыл аймақтардың арасында. Бұрынғы қаулы бойынша жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде дүрлігу тудырмауға шақырамыз. Жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін біз азаматтардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды, аса қажеттіліксіз үйден шықпауды сұраймыз», – деді қаланың санитар дәрігері Пірәлиева.
Бұған дейін 16-20 желтоқсан аралығында қоғамдық көлік түнгі сағат 23:00-ге дейін жүретінін хабарлаған едік.