Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңес барысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға азаматтарды отандық және импорттық сапалы препараттармен вакциналауды тапсырды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Азаматтарды вакцинамен қамтамасыз ету керек. Басқа жол жоқ. Ұйымдастыру сияқты саналуан шараларды қабылдай аламыз. Бірақ, ең бастысы, вакцинаның көмегімен адамдардың коронавирус жұқтырмауын болдырмау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған денсаулық сақтау министрі бұл мәселеге үлкен мән беріліп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, ресейлік өндірушілермен ықтимал жеткізушілермен келіссөздер жүргізілген. Қазақстандық вакцинаға да айрықша үміт артылуда.
Мемлекет басшысы басым бағыт ретінде бұл жұмысты жылдамдатуды тапсырды. Індеттен егілу ерікті түрде жүргізілмек.
Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңес барысында Денсаулық сақтау…
Опубликовано Беріком Уәли Среда, 7 октября 2020 г.
Бұдан тыс, Президент, еліміздегі тестілеу мен бетперде бағасының қымбаттығын сынады.
«Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек.
Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде, Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкімет бетперделердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.