Қазан айының ортасына дейін 100 жылжымалы медициналық кешен ауылдық жерлерде қызмет жеткізуші үшін аймақтарға жеткізіледі деп хабарлайды Dalainform тілшісі. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау министрі айтты.
«Елде індетке байланысты жағдай ушықса, екі айға дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылып, үйде емделу үшін 1 миллион ықтимал науқасқа тегін 5 дәрі түрі әзірленді. Халықтың мұқтаж санаттарына, сондай-ақ, 2,2 миллион тұмауға қарсы екпе дайындалды, оның бір миллионы егілді», – деді Алексей Цой.
Бұған дейін құзырлы мекеме таратқан есепке сай, COVID-19-бен күресуге тартылған 3 362 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарамағындағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін біржолғы 2 миллион теңгелік әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, пандемия басталғалы 182 ақ халатты абзал жан опат болып, аурудың салдарынан қайтыс болған 36 медицина қызметкерінің туыстарына 10 млн теңгеден аударылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда екеніне сендірді министр.
Қазақстанның барлық аймағы коронавирустық инфекциямен аурудың қанағаттанарлық жасыл аймағында болғанына қарамастан, әлемнің бірқатар елдерінде жағдай ушығып барады.
Осыған байланысты елімізде індеттің енуіне және таралуына жол бермеу мақсатында 5 қазаннан бастап:
– шет елдермен әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұру;
– әуе қатынасы қалпына келтірілген елдермен рейстер санын арттырмау;
– Түркияға рейстер санын азайту шешімдері қабылданды.
«Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін мынадай міндетті талаптар белгіленсін: термометрия, сауалнама, алынған күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт аралығында COVID-19-ға тексеру туралы анықтаманың болуы. Анықтама болмаған жағдайда шетелден келгендер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады. Осыған ұқсас талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен автоөтпе жолдардағы өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға қолдану ұсынылады», – деді министр.
Осыған байланысты ол облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдеріне карантиндік ауруханалардың шекара бекеттерінде орналасуын және келушілерді тексеруден өткізуді тапсыруды сұрады.
Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 3 308 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 59 бала бар. Стационарларда 1 813 науқас жатыр. 1 495 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.
Жалпы науқастардың арасында 94 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 13 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 21 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.