Іс жүзінде пәтерлер иелерінің кооперативтерінің (ред. ескерту – халық арасында орысша «КСК» аталады), басқарушы компаниялардың басшылары және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарумен айналысатын басқа да тұлғалар, пайдаланудағы ортақ мүліктің жекелеген бөліктерін жалға немесе пайдалануға беру арқылы қосымша табыс таба алады. Мұны пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері білмеуі мүмкін.
Бұл туралы «Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшудің негізгі тұстары» тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында айтылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Сондықтан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, пәтер, тұрғын емес үй-жайлар иелері, сондай-ақ жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестіктері (ред. ескерту – көбінесе «ОСИ» деп орысша нұсқасы айтылады) мен жай серіктестіктер көппәтерлі тұрғын үй, қандай табыс пен пайда әкелетіндігін білу маңызды.
Табыстың негізгі көздері:
Жарнама:
Үй сыртында, лифт ішінде жарнамалық фирмаларға немесе сауда орталықтарына, плакаттарды, баннерлерді ілуге жалға беруге болады, онда сыртқы жарықтандыруға арналған жарық технологияларын, соның ішінде жарық-диодты жолақтардың жүгіретін жолдарын орналастыруға болады.
Жабдықтарды орнату:
Антенналарды орнату үшін шатыр учаскелерін, техникалық қабаттарды – интернет-провайдерлер мен ұялы байланыс операторларына жалға беруге болады. Қабырғалардың немесе ішкі бөлмелердің бөліктері провайдерлік жабдықты орналастыруға және байланыс кабельдерін салуға жарамды.
Сондай-ақ, ауыз суды тазартуға арналған жабдықты орнатудан кіріс алуға болады.
Үй-жайларды жалға беру:
Шаштараз, сауда дүкендері және басқалары орналасқан жертөлелерді жалға беруге болады, бұл санитарлық талаптарға сәйкес келуі керек.
Осылайша, лифтідегі және үй сыртындағы жарнама, төбеде орнатылған антенна немесе басқа жабдықтар – бұл көппәтерлі тұрғын үйдің қосымша табысы бола алады.
«Осы келген қосымша кірістер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға жұмсалуға, сонымен қатар бұл туралы ақпарат әрбір тұрғынға берілетін ай сайынғы есепте көрсетілуі тиіс», – дейді спикер.
Ортақ мүлікті заңды түрде басқару және табыс алу үшін (мысалы, жалға беру үшін) кондоминиум объектісін тіркеу қажет.
Жалпы, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде Үкіметке және әкімдерге мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформаны іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылғаны аян.
Реформа «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципі бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеуге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың 22 ақпандағы жағдай бойынша 1 735 жаңа басқару нысаны құрылды (МИБ – 695, ЖС – 1 040). Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында.
Қазіргі уақытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидаларына «Кондоминиум объектісі бойынша қаржылық, техникалық құжаттаманы және өзге де техникалық құралдарды беру тәртібі» жаңа тарауын қосып өзгерістер енгізгенін мәлімдеуде.
Мұнда, енгізілген жаңа ережелерге сәйкес мүлік иелерінің бірлестігі төрағасы немесе жай серіктестіктің сенімді тұлғасы құрылған сәттен бастап 3 жұмыс күн ішінде басқарудың ескі органдарына, сондай-ақ тұрғын үй инспекциясына хабарлама жібереді.
Тиісті хабарламаны алған пәтерлер иелерінің кооперативі, сондай-ақ хабарламаны жолдаған мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестік, 3 жұмыс күн ішінде бірлесіп, кондоминиум объектісі бойынша қаржылық, техникалық құжаттаманы және өзге де техникалық құралдарды қабылдау-тапсыру актісін жасайды.
Кондоминиум объектісі бойынша қаржылық, техникалық құжаттаманы және өзге де техникалық құралдары 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі қажет.
Сондай-ақ, қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес жинақ шотында күрделі жөндеуге арналған ақша қаражаты, сондай-ақ нысаналы жарналар ретінде жиналған қаражат (бар болса) мүлік иелерінің бірлестігі төрағасына берілуге тиіс.
Министрлік тарапынан техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздеу мәселесі пысықталуда.