Павлодар облысының полицейлері тасжолда көлігі бұзылып, жолда қалған жүк көлігінің жүргізушілеріне көмек көрсетті деп хабарлайды Dalainform тілшісі полиция сайтына сілтеме жасап.
«Павлодар облысында мереке күндері қатты аяз, көктайғақ болады деп болжануда. Кей жерлерде ауа температурасы -43°дейін төмендеді. Ескертулерге қарамастан, кейбір көлік жүргізушілері алыс жолдарға шығады. Нәтижесінде автокөліктер төмен температураға төтеп бере алмай, тас жолдарда тоқтап қалады», – деді полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі Жақсылық Байысбеков.
Содан тәртіп сақшылары “Павлодар-Нұр-сұлтан” автожолын патрульдеу кезінде Шідерті кентінің маңында тоқтап тұрған жүк көлігін байқаған. Көлік жүргізушісі «Қазгидромет» орталығының ескертуіне қарамастан жолға шыққан.
Жүргізушінің Ресей Федерациясынан Қырғызстан Республикасына беттегені белгілі болды. Ауа райының нашарлығына, аязға байланысты машинада солярка қатып қалып, түннен бері тұрып қалған.
«Жүргізушілерді ең жақын лагерьге жіберіп, өзіміз көлікті жылытумен айналыстық. Көлікті Шідерті ауылының жылы боксына жеткіздік. Көлік жылығаннан кейін жүргізушілер өз жолдарын жалғастырды. Әріптесім Азамат Шақшабаевпен бірге жүргізушілермен сағат сайын хабарласып тұрдық», – дейді патрульдік полиция ротасының инспекторы Рустам Верещак.
Қырғызстан Республикасының азаматы болып табылатын жүргізуші Ақтілек Арзыбеков полицейлерге көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.