Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елорда тұрғындары «Менің Туым. Менің Отаным!» челленджін қолдады деп хабарлайды Dalainform тілшісі қалалық ішкі саясат басқармасының ақпаратына сүйеніп.
Осылайша, «Думан» қонақ үйінің қасбетіне, терезелер мен балкондарға 30 ту ілінді. Қазақстан Республикасының үлкен туы «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында орнатылды. Акцияны сондай-ақ тұрғындар, үкіметтік емес ұйымдар балкондарда Қазақстан Республикасының туларын орналастыра отырып, шетелде білім алып жатқан студенттер де қолдады.
«Әр қазақ баласы үшін тәуелсіздіктен терең, азаттықтан асыл ұғым жоқ шығар. Мінекей, қаншама ғасыр армандаған көк туымыз көгімізде желбіреп тұр. Елбасымыз айтқандай, тәуелсіздікті қолдан ұшырып алу – бабалар аманатына қиянат. Сондықтан ұлт болып келер ұрпаққа тәуелсіздікті аман-есен табыс етуді Алла нәсіп етсін. Әр қазақтың шаңырағына береке, бірлік тілеймін. Елдігіміз жасай берсін!», – дейді әнші, спортшы Ибрагим Ескендір.
Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б. Момышұлы, Сарайшық, Сығанақ, А.Байтұрсынұлы, Республика, Ж. Тәшенев және т.б.), жол бойында Қазақстан Республикасының тулары ілінді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында мыңнан астам ту желбіреді. Акция жалғасуда.
«Барша қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Мерекеге орай «Менің туым. Менің Отаным!» челленджін қолдаймын. Тәуелсіздік оңай келе салған дүние емес. Сондықтан тәуелсіздіктің не екенін жастардың санасына сіңіру керек. Көк туымыз әрқашан биікте желбірей берсін», – дейді қала тұрғыны Сейілхан Үйсінбеков.
Азаматтар #МеніңТуым #МеніңТуымМеніңОтаным #МойФлагМояРодина #ЦветМоейРодины #БіздіңОртақМереке #НашОбщийПраздник хэштегімен жазбалар, сурет-бейнероликтер және Қазақстан Республикасының туымен байланысты сюжеттерді жариялау арқылы белсенді бола алады.