2020 жылдың 1 желтоқсанында сағат 01.34-те Қызылорда облысы Сырдария ауданы, «Қызылорда-Құмкөл» тас жолының 108 шақырымында «Бектас-Қоныс» кен орнында жұмысшыларға арналған контейнер типті жатақханада 1450 шаршы метр аумақта өрт оқиғасы тіркелді деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
ҚР Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, жақын жердегі өрт сөндіру бөліміне дейінгі арақашықтық 160 шақырым болған.
Жатақхананың жалпы аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Аумақта 100 контейнер орналасқан, оның 48-і өртеніп кеткен.
«Өрт сағат 06.40-та толық сөндірілді», – дейді министрлік өкілі.
Оқиға орнында 3 адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша олар 1967, 1985, 1970 жылы туған жұмысшылар. Онда барлығы 30 жұмысшы тұрған. Оның 27-сі өрттен 19 км қашықтықта орналасқан асханаға орналастырылған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен 3 техникасы, «ПОЖМонтажҚұрылыс» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 9 жұмысшысы мен 2 техникасы, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесурсы» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің 3 қызметкері мен 1 техникасы шыққан.