Мониторинг топтары жарты жыл ішінде Нұр-Сұлтанда карантиндік шараларды сақтау бойынша 3 440 рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды DalaInform әкімдікке сілтеме жасап.
Өткен жылдың 9 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін Алматы ауданында — 335, Байқоңырда — 248, Есілде – 367 және Сарыарқа ауданында – 271 заң бұзушылық анықталды. Тексерушілердің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп, карантин режимін қасақана бұзушыларға қатысты тиімді шаралар қабылдау мақсатында жиналған материалдар әкімшілік сотқа жіберіледі. Бұл нысан жұмысын тоқтату үшін жасалып отыр. Мысалы, әкімшілік сот Alanya түнгі клубының қызметін 3 айға тоқтатты әрі 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Janym Sol караоке-бары, «Золото» мейрамханасы мен Tequila кафе-бары бір ай жұмыс істемейді, сондай-ақ 70 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу міндеттелді.
«Карантиндік шараларды қасақана бұзғаны үшін астананың бірқатар түнгі клубы және қоғамдық тамақтану нысанына қатысты тағы сегіз материал сот қарауында жатыр. Бұрын аталған субъектілерге заң бұзушылықты тоқтату туралы ұйғарымдар берілген. Құқық бұзушыларға қатысты қызметті тоқтата тұру туралы сот актісі орындалмаған жағдайда әкімшілік қамауға алу шаралары қабылданады», – деді ведомствоаралық комиссия.
ШОБ нысандары мынадай заң бұзушылықтарға жиі жол береді: бұқаралық іс-шараларды өткізу, жұмыс режимін, келушілердің белгіленген санын (30-дан астам), қызметкерлердің (даяшылар, сатушылар) бетперде режимін сақтамауы. Сол сияқты ойын-сауық орындары жұмысына тыйым салуды елемеу жатады. Бас қала санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ақпаратына сәйкес, өткен жылдың 5 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін шектеу әрі карантин шараларын бұзғаны үшін 1 454 жеке, лауазымды мен заңды тұлға жалпы сомасы 283 616 250 теңгеге (300 млн теңгеге жуық) әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір 190 901 215 теңге болатын 1 015 әкімшілік айыппұл өтелді.