Jýsan банк АТФ банк акцияларының 99,76%-ын сатып алды, деп хабарлайды DalaInform қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан заңнамасы талаптарына сәйкес, Агенттік «АТФ Банк» АҚ-тың Jýsan тобына қосылуы бойынша мәмілені іске асыру үшін «Jýsan Банк» АҚ-қа АТФ Банктің 99,76% акцияларын сатып алуға әрі «АТФ Банк» АҚ-тың ірі акционері Ғ.Ш. Есенов мырзаға Jýsan Банктің 19,97% акцияларын иеленуге келісім берді. Сонымен бірге мәмілеге қатысушылар АТФ Банктің еншілес ұйымы, «Оптима Банк» АҚ-қа қатысты Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің тарапынан акционерді ауыстыруға қажетті рұқсат алды. Банктердің бірігуінің қаржылық моделі қосылу мен бірігудің классикалық моделіне (M&A) сәйкес келеді. Онда банктің 124 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы қосымша провизиялар құру үшін пайдаланылды. Жұмыс істеп тұрған акционер шығындарды өтегеннен кейін Jýsan Банк АТФ Банкті 97 млрд теңге сомаға үстеме капиталдандыруды жүзеге асырып, реттеушінің талаптарына сәйкес капиталдың жеткілікті деңгейін қалыптастырды. Мәміле қорытындысы бойынша, АТФ Банк провизиялардың қажетті көлемін құрды. Оның капиталы және өтімділігінің жеткілікті қоры бар. Бұл ұзақ мерзімді болашақта банктің қаржылық орнықтылығын әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
«Агенттік Қазақстанның аса ірі банктерінің бизнес-модельдерін біріктіру банк секторының тұрақтылығын арттыруға, екі банктің қаржылық әрі технологиялық артықшылықтарын пайдалану есебінен халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға ықпал етеді деп есептейді. Jýsan Bank пен АТФ Банк активтерінің жиынтық көлемі 3 трлн теңгеге жуық. Ал екі банктің жалпы нарықтық үлесі банк секторы активтерінің 10%-ына жетеді деп күтіледі. Jýsan Bank пен АТФ Банктің ағымдағы қызметі, сондай-ақ банктердің клиенттері үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі уақтылы әрі толық көлемде жүзеге асады», – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сыртқы коммуникациялар басқармасы.