COVID-19-ға қарсы күресте қаза тапқан барлық 182 медицина қызметкерінің туыстары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 10 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем алды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Бұдан басқа, COVID-19-бен күресуге тартылған 5,3 мыңнан астам медицина қызметкеріне коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты аталған қордан 2 млн теңгелік біржолғы әлеуметтік төлемнің аударылғаны белгілі болып отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
Өңірлер бөлінісінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (1027) және Алматы (560) қалалары және Шығыс Қазақстан (480), Атырау (465) және Қарағанды (409) облыстары бойынша жүргізілген.
Осыған дейін коронавирус дертінің ықтимал екінші толқынына дайындық жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы, қалған жартыжылдыққа 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін жеткізіп, Үкіметке көз жұмған медиктердің отбасыларына барлық тиесілі жәрдемақыны дереу төлеуді тапсырды.