20 желтоқсан сағат 21:14-те Көкшетау қаласында Васильковский мөлтек ауданындағы көпқабатты үйде бірінші қабатта газ баллонның жарылды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Абырой болғанда өрт шыққан жоқ. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін көршілер мен куәгерлер алты бала мен екі ересек адамды құтқарды.
«Жарылыс бірінші қабаттағы пәтерлердің бірінде болды. Алдын ала ақпарат бойынша пәтерде екі отбасы тұрған. Пәтер иесі даладан төрт литрлік газ баллонын алып келген. Айта кету керек, көп қабатты үй орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесіне қосылған. Үй иесінің неліктен үйге газ баллонды пәтерге кіргізгені анықталуда. Зардап шеккен балалар шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жедел жәрдем көлігінде екі ересек адам облыстық ауруханаға жеткізілді», – дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Оқиға орнында төтенше жағдай қызметінің 21 қызметкері, жеті техника, тоғыз полиция қызметкері және үш жедел жәрдем көлігі жұмыс істеді.
Ақмола облысының төтенше жағдай департаменті газ баллондарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау қажеттігін ескертеді. Оларды толтыру тұрмыстық баллондарға арналған мамандандырылған пункттерде ғана жүзеге асыру қажет.
Баллонды суықтан жылуға кіргізуге болмайды. Газ көлемі жылыту құралдарының жанына қойғанда күрт ұлғаяды. Мұның салдарынан жарылыс болуы мүмкін.