«Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитова exit poll нәтижесін жариялады, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
«Қоғамдық пікір» институты 10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама – exit poll жүргізді. Институт интервьюерлері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның ішінде 316-cы қалада, 284-і ауылда. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталығы, аудандық маңызы бар қалалар, шағын қалалар және ауылдық елді мекендерді қамтыды. Күні бойы сауалнаманың 4 толқыны өткізілді. Нәтижесінде 24 мың сайлаушыға сауалнама жүргізілді. Сауалнама қателігі 2 пайыз шамасында. Сауалнама өткізу жұмысына 600-ден астам интервьюер атсалысты. Еxit poll Zakon.kz ақпарат порталының тапсырысы бойынша жүргізілді. «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңының 28-ші бабына сәйкес, «Қоғамдық пікір» институты сайлауалды әлеуметтік сауалнама мен exit poll өткізу ниеті туралы орталық сайлау комиссиясын хабардар етті. Сайлаушыларға сауалнама стандарттық, халықаралық әдістемесі бойынша «интервью face to face» форматында жүргізілді. Респонденттерге бір сұрақ қойылды: ҚР парламенті сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз? Еxit poll нәтижелері: сайлаушылардың 9,03 пайызы – Қазақстан халық партиясына, 71,97 пайызы – Nur Otan партиясына, 5,75 пайызы – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, 10,18 пайызы – «Ақжол» демократиялық партиясына, 3,07 пайызы – «Адал» партиясына дауыс бергенін айтты», – деді Мәжитова орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Партияларға мәжіліске өту үшін 7% межеден өту керек. Бұл парламенттің төменгі палатасына үш партия – Қазақстан халық партиясы, Nur Otan партиясы әрі «Ақжол» демократиялық партиясы өткенін білдіреді.
Бұған дейін сайлаушылардың дауыс беруінің алдын ала қорытындысы жарияланған болатын. Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарда сайлаушылардың дауыс беруге келуінің алдын ала қорытындысы туралы ақпарат берді. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, Нұр-Сұлтан сайлау комиссиялары ұсынған мағлұматқа сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтардағы бас қала уақыты бойынша сағат 22.00-дегі жағдай бойынша, сайлау бюллетеньдерін тізімдерге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3%-ы алды. Олардың ішінде өңірлер бойынша: Ақмола облысы – 72,8%, Ақтөбе облысы – 58,8%, Алматы облысы – 73,5%, Атырау облысы – 56,4%, Батыс Қазақстан облысы – 62,4%, Жамбыл облысы – 72,2%, Қарағанды облысы – 70,7%, Қостанай облысы – 71,8%, Қызылорда облысы – 73,9%, Маңғыстау облысы – 55,0%, Павлодар облысы – 71,3%, Солтүстік Қазақстан облысы – 75,5%, Түркістан облысы – 65,8%, Шығыс Қазақстан облысы – 72,4%, Нұр-Сұлтан қаласы – 45,1%, Алматы қаласы – 30,3%, Шымкент қаласы – 56,5%. Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды. Қазақстан аумағындағы сағат белдеулерінің шекараларына сәйкес, бес өңірде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) дауыс беру елорда уақыты бойынша сағат 21.00-де аяқталды. Бүгін ортсайлауком мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру күні учаскелердің ашылуы әрі дауыс берудің басталуы туралы күні бойы мәлімет беріп отырды. Сондай-ақ ОСК мүшелері әрбір екі сағат сайын облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана сайлау комиссияларының сайлаушылардың дауыс беруге келуі туралы деректерін ұсынып тұрды.
Айгүл ЕЛТАЙ