Бокстан Олимпиада чемпионы, «Nur Otan» партиясынан Алматы қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ибраимов отандық журналистке берген сұхбатында, кейбір қазақстандықтардың кедейлігіне олардың өздері кінәлі екенін айтты деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Спортшы Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде халықтың жағдайы жақсарғанын, дастарханы тамаққа толы болып тұратынын әңгімелеп, бәрінің жай-күйі бақуатты екенін сенімді түрде мәлімдеді.
«Сол жағдайды бағаламаған адамдарға, шынына келгенде, мен таңғаламын», – дейді депутат.
Сұхбатты жүргізушінің Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 302 теңге, кедейлік шегі – 24 011 теңге екенімен ұялтқанымен Ермахан Ибраимов келіспеді.
«Осы мәселеге, 42 мың теңгеге ешкімнің күні қарап тұрған жоқ. Егер мен жұмыс істеймін, алға ұмтыламын деген адамға әрқашанда жол ашық. …Диванның үстінде жатпаймын, еңбек етемін дегенге барлық жағдай жасалған. Мен ойлаймын, олардың (кедейлердің) жалқаулығы, еріншектігі кінәлі. Ізденіңдер, алға ұтмылыңдар!», – дейді ол.
Еске сала кетсек, биылғы қаңтар айында Алматыда өткен митингтке Олимпиада жеңімпазы Ермахан Ибраимов жастармен жаға жыртысып, қоғам сынының астында қалған болатын.