Нұр-Сұлтанда көлік жүргізуші автобусқа соғылды, деп хабарлайды DalaInform астананың полиция басқармасына сілтеме жасап.
Қараша айында «Лада» автомашинасының мас жүргізушісі Уәлиханов көшесі – Бөгенбай батыр даңғылы қиылысында көпірден түсіп бара жатқан кезде қоғамдық көлікке соғылған. Жол апаты болған сәтте автобус жүргізушісі басты жолда келе жатқан көліктерді өткізіп, оңға бұрылайын деп тұрған. Жол-көлік оқиғасынан автобус жолаушылары зардап шеккен жоқ.
«Лада» жүргізушісінің мас күйінде автомобиль айдағаны үшін 2016 жылдан бастап көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Алайда ол осы уақыт ішінде бұл жазаны елемей, үшінші рет мас күйінде машина жүргізу үстінде ұсталған. Медициналық куәландырудан өткеннен кейін нарколог-дәрігердің қорытындысына сәйкес, жоғарыда аталған адамның орташа дәрежеде мас болғаны расталды», – делінген ақпаратта.
Қазір осы факті бойынша қылмыстық кодекстің 346-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.