Нұр-Сұлтанның тәртіп сақшылары көпірден секірмек болған адамды құтқарды, деп хабаралайды DalaInform.
«Кеше сағат 23:46-да жедел басқару орталығының 102 арнасына Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірдің таянышында отырған ер адамның секіруге оқталғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына құрамында патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторлары: аға лейтенант Жандос Тұрашов пен лейтенант Жақсылық Қарабаев бар экипаж келген. Оқиға орнына келген сақшылар көпірден аяғын салбыратып қойған адамды байқайды. Инспекторлар жағдайды бақылай келе, қажетті сөздерді тауып айтып, тұрғынның назарын аударған. Осылайша, ер адамға жақындап келіп, оны ұстап қалған және көпірдің қоршауынан шығарып алған», – делінген ақпаратта.
Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша 33 жастағы тұрғынның алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Оның әрекетінің себептері анықталып жатыр. Ер адам аудандық бөлімшеге жеткізілді. Ол жерде онымен психологтар жұмыс жасады.