2020 жылдың желтоқсанынан бастап жоғары оқу орындары мен колледждер білім алушыларының студенттік билеттері электронды форматқа ауысты, деп хабарлайды DalaInform білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Құжат «eGov» сайтында әрі «eGov mobile» мобильдік қосымшасында қолжетімді.
Жеке электрондық құжаттарды сақтау бойынша «Цифрлық құжаттар» сервисі «eGov mobile» электрондық үкімет қосымшасының басты бетінде орналасқан. Студенттің басқа да жеке құжаттарымен бірге электронды студенттік билеті осы сервистің ішінде қолжетімді. Мобильді қосымшаны Google Play мен AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Қосымшада ЭЦҚ немесе бір реттік құпия сөз арқылы авторизациядан өту қажет.
«Барлық жоғары оқу орны және колледждер қағаз түріндегі студенттік билеттерге қыруар қаражат жұмсайды. Орташа есеппен әрбір студенттік билет 1000-1200 теңге тұрады. Студенттік жеңілдіктерді пайдалану барысында қағаз құжаттар шынайылығын растау қиындық тудырып жататыны белгілі. Ал «eGov mobile» мобильді қосымшасында құжат шынайылығын электрондық үкімет растайды. Сондықтан студенттік билеттерді сандық форматқа ауыстыру тек ақша үнемдеп қана қоймай, студент мәртебесін растау кезінде де ыңғайлы болып келеді», – деді білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.