Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов өкпе ауруларын емдеуге арналған бірегей аппараттар өндірісімен танысты, деп хабарлайды DalaInform үкімет басшысы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тоғжанов «Барк Технолоджи» ЖШС кәсіпорнын аралады. Қазақстандық кәсіпорында өкпе ауруларын және өкпе ауруларының асқынуларын емдеуге арналған VibroLUNG бірегей виброакустикалық аппараты шығарылады. Бұл құрылғы респираторлық патологиясы асқынған науқастардың тезірек сауығуына мүмкіндік береді. Аталған кәсіпорын биыл жаз айларында COVID-19-дың өршуі кезінде ауруханаларға 200-ден астам виброакустикалық аппарат жеткізген болатын. Құрылғы отандық мамандардың бірегей әзірлемесі. Ол реанимациядағы, әсіресе өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратына қосылған науқастар үшін аса қажет. Отандық конструкторлар жасаған VibroLUNG-пен қатар ӨЖЖ мен транпульмоналды қысым мониторларының үлгілері көрсетілді», – делінген ақпаратта.
Вице-премьер сапары барысында аталмыш кәсіпорынның қазақстандық медицина мекемелерінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігін растайтын өндірістік әлеуеті көрсетілді. Ералы Тоғжанов аралау қорытындысы бойынша кәсіпорындар жұмысына оң баға беріп, үкімет отандық өндірушілерді жан-жақты қолдайтынын атап өтті.