Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін жалғасатын дәстүрлі «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы аясында браконьерлікпен күрес шаралары күшейді, деп хабарлайды DalaInform экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз туры барысында «Охотзоопром» мекемесі инспекторларының жұмысы көрсетіліп, Қазталов ауданы аумағындағы жаңа автономды станция таныстырылды.
Батыс Қазақстан облысы – еліміздегі киіктер популяциясы ең көп шоғырланған өңір. «Охотзоопром» мекемесі мамандарының айтуынша, 2019 жылғы санақ бойынша облыс аумағында 217 мың бас киік болған. Бұл сан қазір едәуір артқаны байқалады. Оларды сақтау мақсатында министрлік жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314504,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтауда.
«Акцияның басты мақсаты – киіктерді заңсыз аулау, олардың мүйізін, дериваттарын заңсыз сақтау әрі тасымалдаудың жолын кесу. Осы орайда құзырлы органдар, атап айтқанда орман шаруашылығы мен жануарларды қорғау инспекциясы, полиция департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бірлесіп, мобильдік топтар құрды. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында киік аулау, дериваттарын заңсыз сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тіркеліп, алтауының соты өтті. 8 адам 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасымен қылмыстық жауапқа тартылды. Сот 62 млн 300 мың теңге өндірді», – деді БҚО орман шаруашылығы мен жануарларды қорғау инспекциясының жетекші маманы Арман Ізімғалиев.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалы киіктерді қорғау жұмысын жүргізетін Қазталов ауданы аумағында автономды модульдік үй салған. Жылжымалы станция тұрғын жайдан бөлек, шағын жанармай құю бекетімен, көлікке техникалық қызмет көрсету алаңымен әрі операторлық бөлмемен қамтылған. Бұл табиғат қорғаушыларға бір орталықтан жедел әрекет етіп, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба басқа өңірлерде де жалғасын таппақ.
«Автономды станция Қазталов елді мекенінен 50 шақырым қашықтықта тұр. Бұрын инспекторлар жүк көлігінде қонып жұмыс істейтін. Жақында толық пайдалануға берілетін модульдік үйде жатын орындар, жуынатын бөлме, асхана және жұмыс орындары бар. WI-FI орнатылады. Электр энергиясы үй төбесіндегі күн батареялары арқылы алынады. Инспекторларымызға далада осындай орталықтан жұмыс істеген өте ыңғайлы», – деді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Арман Қожахметов.
«Киік» акциясы Батыс Қазақстаннан бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізіледі. Оған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын автомашина, 37 КУНГ, 23 қарда жүргіш, 2 «Берлога» вагоншасы жұмылдырылды.
2019 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілген еді. Бұрын браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін артты. Мемлекеттік инспектор әрі қорықшы өміріне қол сұққаны және күш қолданғаны үшін 20 жылға дейін түрмеге қамау не мүлкі тәркіленіп, өмір бойына темір торға тоғыту көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік инспектор мен қорықшыға зорлық-зомбылық көрсеткендер жаңа бап бойынша 12 жылға дейін қамаққа алынуы мүмкін.