Қазақстанда 145 колледж 330 мамандық бойынша студенттерді оқыту құқығынан айырылды, деп хабарлайды DalaInform білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті барлық қазақстандық колледж қызметіне мониторинг жүргізіп жатыр. Талдау нәтижелері бойынша, 145 білім беру ұйымы 330 мамандық бойынша лицензия қосымшаларын (белгілі бір мамандық бойынша оқытуға рұқсат беретін құжат) өз еркімен қайтарып берді.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова студенттерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарының директорларымен бірлесе жүргізілгенін айтты.
«Департаменттеріміз колледждердің білім беру қызметіне мониторинг жүргізіп жатыр. Бірінші кезекте біз оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтардың, әдебиеттердің, білім беретін тиісті оқытушылардың болуына, оқуға барлық жағдайдың жасалуына назар аударамыз. Осы жұмыс нәтижесінде колледждер қазір өздерінің білім беру профиліне жатпайтын немесе біліктілік талаптарын сақтай алмайтын жекелеген мамандық бойынша лицензия қосымшаларын қайтару туралы шешім қабылдады. Арасында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар да бар. Кейбір колледжге белгілі бір мамандық бойынша студенттер оқуға мүлдем түспеген. Мысалы, педагогикалық колледж менеджерлерді даярлауға талпынса, ал экономикалық бағытта білім беретін колледж педагогтерді оқытпақ болған. Сондай-ақ кейбір оқу орны материалдық базасы сай келмесе де, белгілі бір мамандық бойынша кадрларды дайындағысы келген. Қазір студенттер оқуын аяқтады, ол үшін колледждерге мүмкіндік берілді. Бұдан былай 145 техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымы үш жүзден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайтын болды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға алаңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай проблема туындаған жоқ», – деді Гүлзат Көбенова.