Қазақстандықтар тағы бір фейк дүрліктіре жаздады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Әңгіме әлеуметтік желілерде тараған коронавирустан екпе жасатқандар көк түсті бетперде тағып қорғанады, ал COVID-19 вакцинасын алып үлгермегендер қызыл маска киеді деген қаңқу жайлы болып отыр.
Мамандар АҚШ-тың Юта штатында түсірілуі мүмкін фотосуретті тексере келе, оның жарнамалық дерек екенін анықтады. Онда коронавирус індеті бойынша жергілікті сенім телефонының нөмірі көрсетілген.
«Ал қалған вакцинацияланбаған адамдар қызыл маска тағудан басқа үш айлық карантинде болуы керек, оларға сапарға шығуға тыйым салынады, сайлауға қатыспайды және сауда жасай алмайды-мыс деген дақпырт жалған болып табылады. Сондай-ақ вакцина салдырғанын дәлелдеу үшін адамдардан нақты бір түсті маска тағуды ешкім талап етпек емес», – дейді сарапшылар.
Көк және қызыл маскалар туралы хабарламаларды Юта штатының әкімшілігі де Twitter ресми аккаунтында жоққа шығарды.