2020 жылы экологиялық заңнаманы бұзған кәсіпорындарға 296 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды DalaInform экология министрлігіне сілтеме жасап.
«Былтыр біз 800-ден астам тексеру жұмысын жүргіздік. Экологиялық заңнаманың бұзылуы бойынша 2441 жағдай анықталды. Жалпы сомасы 296 млн теңге болатын әкімшілік айыппұл салынды. Соған қоса біз қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу бойынша бірнеше миллиардтқа нұсқама бердік. Нақты неше миллиард екенін айтпау себебім – қазір істер сотта қаралып жатыр. Соның шешімі шыққан соң жариялаймыз», – деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ брифингі барысында.
Айта кетсек, 2021 жылғы 2 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының экология кодексіне қол қойды. 1 шілдеде күшіне енетін заңның «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатына сәйкес, табиғат пайдаланушы экологиялық зиян тиген жағдайда қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті. Екіншіден, атмосфералық ауа, су, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологиялар енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% шығарындылары көзі саналатын 50 ірі кәсіпорында енгізу жоспарланған. Сонымен қатар жаңа кодексте экологиялық төлемдердің 100%-ы экологиялық іс-шараларға жұмсалады деп көзделген.