ЕЭК кеңесінде ЕАЭО елдері арасында карантин жағдайында жолаушылар қатынасын жаңарту мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды DalaInform премьер-министр баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара Қазақстан тарапының бастамасымен биылғы 1- 2 қазанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің премьер-министрлері орынбасарларының қатысуымен бейнеконференция байланысы режимінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы барысында іске асырылды. Қазақстандық делегацияны премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов басқарды.
Атап айтқанда, 2021 жылдың наурызына дейін қорғаныс киімдері, дәрілік заттар, дезинфекциялық құралдар, бинттер, медициналық аппаратура және тағы басқаларға кедендік баж салынбайды. Бұл халықты коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мен болдырмау үшін қажетті медициналық тауарлардың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері карантин шаралары жағдайында ЕАЭО елдері арасындағы жолаушылар қатынасын қалпына келтіру мүмкіндігін талқылады. Қатысушы елдер азаматтардың қозғалысы бойынша бірыңғай өлшемдерді әзірлеуі қажет. ЕЭК-те санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың дамуын ескере отырып, бұл мәселе қосымша зерделенеді.
Кеңес мүшелері пандемия кезінде қарқынды дамып келе жатқан интернет-сауда тақырыбын да қозғады. Экономиканың осы сегментін реттеуді пысықтау қажет.
Тұтынушылар жыл сайын шетелдік интернет алаңдардан миллиондаған тауарға тапсырыс беретінін және оларға қауіпсіздік жөніндегі талаптар таралмайтынын және салық салудың нақты тетігі орнатылмағанын ескере отырып, мұндай диспаритет отандық өндірушілердің ЕАЭО елдерінің ішкі нарығындағы бәсекеге қабілеттігіне әсер ететінін ескертті. Интеграциялық кеңістік шеңберінде электрондық сауданы енгізудің ашық шарттарын белгілеу жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Сонымен қатар келісім жобасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ЕАЭО техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдерін айқындайды, бұған қоса өнім жеткізуді тоқтатуға байланысты даулы мәселелерді шешу үшін тиімді тетік құруға мүмкіндік беретін нормалар көзделген.
Бұнымен қатар кеңес аясында ЕАЭО халықаралық қызметінің 2021 жылға арналған негізгі бағыттары талқыланды. Үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдету қазірдің өзінде құрылған өзара іс-қимыл тетіктері шеңберінде, халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетті перспективалы бағыттарын ескере отырып дамиды.