Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне байланысты іске қатысы бар Жанар Толыбаеваның жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды DalaInform.
Толыбаева сотқа жазаның өтелмеген мерзімін жеңілдету туралы өтініш жасаған. Ал Алматы облысы Іле аудандық соты әйелдің өтінішін қанағаттандырған. Қазір ол пробациялық бақылауға алынды.
Денис Тен 2018 жылғы 19 шілдеде Алматыда автомобилінен айналарды ұрлаған қылмыскерлерді ұстауға тырысқан кезде қаза тапты. Нұрәлі Қиясов пен Арман Құдайбергенов спортшының өліміне кінәлі боп танылды. Ал Жанар Толыбаеваның қылмысқа қатысы бар болып шықты. Себебі Толыбаева адам өлімін көріп, бұл туралы полицияға хабарламады. Әйелді орташа ауыр дәрежедегі абақтыға төрт жылға қамау туралы үкім шықты. Сот жазаны жеңілдету кезінде айыпталушының істі қарау барысында жүкті болғанын және тағы бір кәмелетке толмаған баласының барын ескерді.