Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус бойынша елдегі жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
«Қазір вирус бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайға қол жеткізілді. 9 қыркүйекте 106 498 науқас тіркелді. Соңғы тәулікте Covid-19 оң нәтиже көрсеткен 73 адам тіркелген. 4810 науқас емделіп жатыр. 100 042 адам немесе 94 процент ауруханадан шығарылды. 1646 науқас көз жұмды. Бұған қоса, республикада ПТР теріс нәтиже көрсеткен коронавирус жұқтыруы мүмкін 28 228 адам тіркелді. Қатаң шектеу шаралараның арқасында 5 шілдеден бастап ауруханаларда жатқандардың 6 есе, жан сақтау бөлімінде жатқандардың 6,6 есе азайғаны байқалады. Сондай-ақ, вирус сұрақтары бойынша хабарласып, жедел жәрдем шақыру көрсеткіші 5,5 есе төмендеген», – деді министр Үкімет отырысында.
Дегенмен оның айтуынша, әлемнің бірқатар елінде тамыздың басында инфекция жұқтырғандар саны күрт өскен. Мысалы, Италия, Австрия, Испания, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия мен ТМД елдерінде өсім байқалған.
«Ауру таралуының алдын алу және оң қарқынды сақтап қалу мақсатында кейбір шектеу шарасы мен демалыс күндеріндегі локдаун сақталады», – деді ДСМ басшысы.
Айгүл ЕЛТАЙ