Сенатор Динар Нөкетаева премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, елімізде дәрілерді тіркеу механизмі күрделі екенін айтты, деп хабарлайды DalaInform парламенттің жоғары палатасына сілтеме жасап.
Ол көптеген шектеу, сондай-ақ, препараттарды тіркеу кезіндегі қиындықтар салдарынан дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасымен айналысатын бизнес нысандары шығынға батып отырғанын жеткізді.
Сенатордың сөзіне қарағанда, олардың кейбірі банкрот болудың алдында тұр. Бұл жағдай халық тарапынан сұранысқа ие дәрілердің, оның ішінде онкологиялық аурулар, қант диабеті, жоғары қан қысымы мен басқа да сирек кездесетін дерттерге қажет дәрі-дәрмектің тапшылығын тудыруы мүмкін.
Нөкетаева қазіргі қолданыстағы заңнамада мемлекеттік тіркеуден өтпеген препараттарды сатуға тыйым салынатынын атап өтті.
«Қазақстанда дәріні тіркеу мерзімі өте ұзақ уақыт алады. Осыны ескере отырып, тіркелмеген дәрілік заттарды елімізге әкелген жағдайда, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілетін қорытынды, яғни рұқсат беру құжатының негізінде тіркеу жолдарын қарастыру қажет», – деді ол.