KAZPATENT коронавирустың алдын алуға арналған вакцинаны және коронавирустық инфекция штаммын әзірлеу жөніндегі патенттік өтінімдерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды DalaInform әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК (БҚПҒЗИ) әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ға (KAZPATENT) вирустың алдын алуға арналған вакцина мен инфекция штаммын әзірлеу жөніндегі екі патенттік өтінім берді.
Қазір екі өтінім де KAZPATENT-тің формалды сараптама кезеңінен өтті.
«Күні бүгінге дейін БҚПҒЗИ ғалымдары патент алу үшін екі өтінім ұсынды. Біріншісі, 2020 жылғы мамыр айында – «COVID-19 алдын алу үшін әсерсіздендіретін вакцинаны алу тәсілі», екіншісі, 2020 жылғы тамыз айында – «Коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың ерекше профилактикалық құралдарын әзірлеу, зертханалық диагностикалау және биологиялық қорғанысының тиімділігін бағалау үшін қолданылатын вирустың «SARS-CoV-2/KZ_Almaty/04.2020» штаммы». Қазір өтінімдер мәні бойынша сараптама кезеңінен өтіп жатыр. Сараптама нәтижесі оң болған жағдайда өнертабыс патенттеледі» – деді KAZPATENT директоры Ермек Қуантыров.
Өнертабыстың «патентке қабілеттігі», «жаңалық, өнертабыстық деңгейге жеткендігі», «өнеркәсіпте қолдануға жарамдығы» шарттарына сәйкес келгенде патент беріледі.