ҚР денсаулық сақтау вице-министрлері Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасын салдырды деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Мен үнемі вакцинация алып келемін. Бұл ең бірінші қорғаныш құралы, яғни Қазақстан вакцинаға қол жеткізген алғашқы елдердің қатарында екеніне қуануымыз керек», – дейді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ бас мемлекеттік санитар дәрігер қызметін атқаратын Ерлан Қиясов, 21 күннен кейін екінші кезеңге келмек.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бірінші денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов отандық екпені қабылдайтынын айтса, денсаулық сақтау министрінің өзі Алексей Цой әлі егілген жоқ.
Бұған дейін «QazCovid-in» вакцинасын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Президент көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин клиникалық зерттеулерден тыс, ерікті түрде салдырғаны белгілі.
Жалпы, бүгін, 1 ақпаннан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған вакцинация науқаны жүргізілмек.
Денсаулық сақтау министрлігі, бұған дейін жасалған келісім негізінде, Қарағанды фармацевтикалық кешені елге ресейлік екпенің алғашқы партиясын жеткізгенін мәлімдеді. Осы орайда, ақпан айында вакцинаның 112 мың дозасы, наурызда – 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың доза Қазақстанға әкелінбек.
Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде «QazCovid-in» отандық вакцинасы егіледі деп жоспарлануда, ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейіп отырмақ.
Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және тағы басқа халықтың жекелеген топтары вакцинацияланбақ. Індетке қарсы егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіліп, оларды міндетті түрде дәрігер тексермек. Қажетті іс-шараға 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылған.
«Тек вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунды енгізбеудің жалғыз баламасы болып саналады», – деп ескертеді құзырлы орын мамандары.