Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов үкімет отырысында халық санағы жайлы айтты, деп хабарлайды DalaInform премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешіміне сәйкес, ұлттық санақ биыл болады.
«2021 жылғы ұлттық халық санағының жаңалығы – қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізу әрі процесті автоматтандырудың енгізілуі. Енді популяция туралы мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асады. Бірінші әдіс sanaq.gov.kz арнайы сайтында интернет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекші көмегімен респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан өздігінен санақ жүргізуге және өзіне әрі отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Екіншісі – онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі жаппай аралау жүргізіледі. Бұл шараларды қазан айында өткізу жоспарланған», – деді Келімбетов.
Жаппай аралау кезінде интервьюерлердің электрондық планшеттерді пайдалануы – жаңашылдық. Олар кейін тиісті өңірлердегі мектептерге беріледі. Үй-үйді аралау биылғы 1-30 қазан аралығында өтеді.
Ұлттық санақты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен арнайы комиссия құру туралы өкім жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне келісуге жіберілді. Арнайы комиссияның бірінші отырысын биылғы 10 ақпанда өткізу ұсынылады.