2021 жылы Қазақстанда тағы 18 жол ақылы болады деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
Бұл 2024 жылға дейін ақылы жол жүру жүйесі енгізілетін автомобиль жолдарының жартысынан көбі болып отыр.
Осылайша биыл жолшылар ақы алу жүйесін біртіндеп іске қосуды жоспарлауда. Жаңа ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 5800 шақырымды құрамақ. Қазіргі уақытта жүйе тестілеу тәртібінде бес жолда жұмыс істеуде. Олар:
Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкент);
Орал – Ресей шекарасы (Саратов);
Орал – Ресей шекарасы (Самара);
Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);
Щучинск – Петропавл.
Тағы төрт жолда көктемнен бастап ақы тұрақты алынып отырмақ:
Шымкент – Қызылорда;
Шымкент – Тараз;
Тараз – Қайнар;
Қапшағай – Талдықорған.
Ақпан айында тағы тоғыз республикалық магистраль сынақ тәртібіне көшіріліп, сәуір айында қалыпты жұмыс істей бастамақ:
Қарабұтақ – Қызылорда;
Ақтөбе – Орал;
Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы;
Ақтау – Бейнеу;
Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк);
Нұр-Сұлтан – Қостанай;
Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы);
Нұр-Сұлтан – Павлодар;
Павлодар – Семей – Қалбатау.
Қазақстанда барлығы 2024 жылға дейін ақылы жолдардың ұзындығын 11 мың шақырымға дейін ұлғайту көзделуде. Бұл елдегі барлық жолдардың 45 пайызын межелейді.
Жолдарды ақылы ету үшін бас-аяғы 25 миллиард теңге жұмсалмақ.
«Ұзындығы 5200 шақырымды құрайтын қалған телімдерде ақы төлеу қайта құрылымдау іс-қимылдары аяқталған соң енгізіледі», – дейді «Қазавтожол» АҚ басшысы Ұлан Әліпов.
Қазіргі уақытта елімізде төрт магистральда ақша төлетеді:
Нұр-Сұлтан – Щучинск;
Нұр-Сұлтан – Теміртау;
Алматы – Қорғас;
Алматы – Қапшағай.