Еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жауапты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева өз еркімен қызметінен кетті деп хабарлайды Dalainform тілшісі.
«Ақ пейіл көңілі мен жемісті жұмысы үшін ұжымыма зор алғыс білдіремін. Менің де алдымда үлкен мақсаттар бар, соларды орындауға тырысып, әлі де жақсы хабарлармен бөлісетін боламын. Отбасыларыңыз аман болсын, әрқайсысыларыңызға бақ-береке, табыс тілеймін, ауру-сырқаудан аман болыңыздар!», – деп жазды ол өз парақшасында 2019 жылдың сәуір айында тағайындалған лауазымымен қоштаса отырып.
Бұған дейін ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне кенеттен барып, ондағы жұмыстың ұйымдастырылуына көңілі толмайтынын ашық жайып салған болатын.
«ХҚКО жанында «көмекшілерге» тап болдым, онда ЭЦҚ шығаруға және egov қызметтерін алуға ақшаға көмектеседі! Пандемияның өршуі кезінде ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары жабылды, бірақ қазір бұл дұрыс шешім емес екенін байқауға болады. Енді адамдар топталуда, жұқтыру қаупі көбейіп, ақысыз алынатын қызметтері үшін ақша төлеуге тура келуде», – деп жазған министр санитарлық тораптардың нашарлығын, тіркелу орны, жеке куәлікті алу мен қалыпқа келтіру, кезекке тұру мәселелерін сынаған еді.