Ішкі істер министрлігі «Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында брифинг өткізді. Аталған тақырыпта криминалдық полиция департаментінің басқарма бастығы Уайс Ерекеш баяндама жасады, деп хабарлайды DalaInform тілшісі.
«Өкінішке қарай, қазір әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде балаларға психикалық тұрғыдан зиян келтіру фактілері, қылмыстық әрекеттер кездеседі. Олардың психикасы және денсаулығына суицидтік бағыттағы ресурстардан өзге басқа сайттар да әсер етеді. Атап айтсақ, кәмелетке толмаған балаларға интернетте келесі қауіптер бар: өз-өзіне қол салуды көздейтіндердің сайттары, порнография сайттары, басқа деңгейдегі қатынастарға үгіттейтін танысу сайттары, сексуалды еркіндік әрі зорлық-зомбылықты насихаттайтын сайттар. Бұның бәрі оларға кері әсерін тигізеді. Осының салдарынан балалар зорлық құрбаны болуы немесе өздері сондай қылмысқа баруы мүмкін. Әсіресе бұл мәселе қазіргі қашықтан оқыту кезінде, интернетті бақылаусыз пайдалану мүмкіндігі болған кезде ерекше алаңдаушылық тудырады», – деді Уайс Ерекеш жиын барысында.
Киберқылмыспен күрес саласының маманы бірнеше мысал да келтірді.
«Биыл жазда Арыс қаласының тұрғыны интернет желісінде суицидтік сипаттағы топ ұйымдастырғаны үшін ұсталды. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұған қоса Ақтау қаласының тұрғыны құрықталды. Ол 13 жастағы кәмелетке толмаған қызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, оны интимдік фотоларын жіберуге мәжбүрлеген. Қазір оған қатысты жасөспірімдерді азғыру фактісі бойынша іс тергеліп жатыр. Сондай-ақ Қызылорда облысында 15 жастағы ұл анықталды. Ол әлеуметтік желілерде балалар порнографиясы бар материалдарды сатумен айналысқан. Жасөспірімді қылмыстық жазаға тартуға келмейтіндіктен оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды», – дейді ол.
Полицейдің айтуынша, ішкі істер органдары өз құзіреті шегінде интернет желісінің қазақстандық сегментінде орналастырылған заңға қайшы ақпаратты тарату көздерін анықтау мен оларды бұғаттау бойынша іс-қимылды тұрақты негізде жүргізеді.
«Биыл ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен, оның ішінде ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сынды құзырлы органмен бірлесіп, «киберқадағалау» ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс жасады. Ол заңға қайшы сілтемелерді автоматты режимде жіберуге әрі оларды бұғаттау бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Заңға қайшы контентті анықтау жұмысын ішкі істер органдары ғана жүргізбейді. Бұған бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, мәдениет және спорт министрлігі, білім және ғылым министрлігі мен тағы басқа органдар да жұмылдыралады. Яғни, олармен келісе отырып қана қолға алынады», – деді тәртіп сақшысы.
Басқарма басшысы осындай оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар кеңес берді. Оның пікірінше, ата-аналар балаларын барынша бақылауы қажет. Бастысы, ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынас орнауы тиіс. Балалар оларға интернеттегі қандай да бір күдікті жайттарды ашық айта алуы керек.
Атап өтсек, кеше елордада киберқауіпсіздік оқу-жаттығуы басталды.
«Биыл пандемия әрі қашықтан жұмыс түрлерінің көбеюіне байланысты елдің цифрлық кеңістігіне кибершабуылдар жиілеген. Мәселен, 2020 жылы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда интернеттің қазақстандық сегментіндегі кибершабуылдар саны 2,7 есеге жуық өскен. Киберқауіпсіздік оқу-жаттығуын өткізу кезінде кейбір шетелдік интернет-ресурсқа қол жеткізуде түрлі проблема туындауы мүмкін. Оны қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы жоюға болады», – делінген мәліметте.
Оқу-жаттығу салдарынан интернет сапасы нашарлап, астаналық оқушылар онлайн сабақтарын оқи алмай, ал қызметкерлер қашықтан жұмыс істей алмай қалды. Бас қала тұрғындары ғаламтордың, сәйкесінше кейбір сайт әрі әлеуметтік желілердің дұрыс істемейтінін айтып, наразылығын білдіріп жатыр.
Айгүл ЕЛТАЙ