Ауа райы бұзылуы болжанған өңірлердің қала сыртындағы жолдарында полиция экипаждарының патрульдеуі күшейтілді, деп хабарлайды DalaInform ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында ауа райының нашарлауына (қалың қар, боран, жолдың дұрыс көрінбеуі) байланысты бірқатар автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар әрі Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы 20 градустан төмендейді деп болжанып отыр. ІІМ аталған аймақ тұрғындарына автожолдарда жүруден шектеліп, ауа райы мен жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауды ұсынады.
«Полицейлер жүргізушілерді аса сақ болуға және жаяу жүргіншілер жолға шыққан кезде өте мұқият болуға шақырады. Ауа райы күрделі жағдайларда көлік жүргізушілерінен жолға мұқият назар салу, сондай-ақ дөңгелектерін уақтылы ауыстырып, автомобильді қысқы кезеңге дайындау талап етіледі. Жол қозғалысының барлық қатысушысы қиын жағдайға тап болғанда бөлімшелерге 102 нөмірі бойынша тәулік бойы жүгіне алады», – делінген ақпаратта.